Қоғамдық бақылау жұмыс істеуде: ҚТЖ «Самұрық-Қазына» ҚК алдында есеп берді
27.05.2022
Қоғамдық бақылау жұмыс істеуде: ҚТЖ «Самұрық-Қазына» ҚК алдында есеп берді

«Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялардың қоғам алдындағы жария есептерін жалғастыруда. 

Бүгін Болат Жәмішевтің төрағалығымен өткен Қордың Қоғамдық кеңесінің отырысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 2021 жылғы қызметінің қорытындылары, оның стратегиялары, кәсіподақтармен қарым-қатынастары, комплаенс қызметінің жұмысы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы есебі тыңдалды. Отырысқа журналистер мен сарапшылар шақырылып, компания жұмысы туралы сұрақтар қойды.

ҚТЖ өкілдері хабарлағандай, қазір компания Қазақстандағы жүк айналымының 50%-ы және жолаушылар айналымының 75%-ын жүзеге асырады. ҚТЖ отандық бизнесті белсене қолдайды: соңғы жылдары қазақстандық өндірушілерден 500-ге тарта локомотив, 3000-нан астам вагон мен платформа, 500 мың тоннаға жуық рельс және т/ж өнімдері сатып алынды.

ҚТЖ компаниялар тобы 2021 жылды оң көрсеткіштермен аяқтады. Тарифтік жүк айналымы 233 млрд. тонна километрді құрады. Контейнерлік тасымал көлемі де артты. Қазақстан аумағы арқылы контейнерлік транзит 1 млн. ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент, яғни ұзындығы 20 фут немесе 6,1 м контейнер көлемі) асты. Компанияның таза пайдасы 120 млрд. теңгеге жетті.
2021 жылы ҚТЖ өндірістік персоналының жалақысы 20%-ға, 2022 жылғы қаңтардан бастап - 30%-ға өсті. 2022 жылдың төрт айында теміржолшылардың жалақысы елдегі орташа табыс деңгейінен асып түсті. Компанияда еңбек жағдайларын жақсартуға және жарақаттанудың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. 2021 жылы еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларға шамамен 14 млрд. теңге жұмсалды.

Қоғамдық кеңес мүшелері компанияның ірі инфрақұрылымдық жобалары туралы ақпарат алды. Бұл Достық-Мойынты теміржол дәлізін жаңғырту, бұл Қытайдан Еуропаға транзиттік дәліз арқылы өткізу қабілетін бес есеге арттырады. Бұдан басқа, компания Дарбаза-Мақтаарал теміржол желісі мен Алматыны айналып өтетін Жетіген – Қазыбек-Бек айналма темір жол желісін салуды жоспарлап отыр. Бұл Сарыағаш шекара бекетін, сондай-ақ Ташкент және Алматы теміржол тораптарын жеңілдетуге мүмкіндік береді.