FAQ
Жиі қойылатын сұрақтар
IPO дегеніміз не?

IPO (Initial public Offering) – бұл сондай-ақ эмиссия деп аталатын компанияның акцияларын алғашқы жария орналастыру. Эмитент-компания алғаш рет өз акцияларын нарыққа шығарады және оларды көптеген инвесторлар сатып алады.


IPO компанияға әртүрлі инвесторлардан өздері үшін жеткілікті тиімді шарттар негізінде айтарлықтай қаржы ресурстарын тартуға мүмкіндік береді. Инвесторлар компания бизнесінің аз «үлесін» алады және іс жүзінде осы компанияның тең иелеріне айналады.


Биржаға шыққаннан кейін компанияның мәртебесі өзгереді — жеке меншіктен, ол жария компанияға айналады және оның акциялары биржада еркін саудаланады және оны кез келген адам сатып ала алады.

SPO дегеніміз не?

SPO (Secondary public Offering) - бұрыннан бар акционерлерге тиесілі акцияларды жария орналастыру. Әдетте компания құрушыларға немесе венчурлық қорларға.


SPO – бұл қайталама нарықтан алынған қолданыстағы, біреуге тиесілі акциялардың ұсынысы. Әдетте, SPO арқылы өздерінің бағалы қағаздарын компанияның жасаушылары, яғни бастапқы акционерлер немесе венчурлық қорлар сатады, олар осылайша өз пайдасын тіркейді.

SPO мен IPO арасындағы айырмашылық неде?

SPO-ның IPO-дан айырмашылығы - компанияның жарғылық капиталының мөлшеріне әсер етпейді. Бірақ сонымен бірге мұндай орналастыру акциялары бағалы қағаздар нарығында еркін айналымда болатындай компанияны көпшілікке жария етеді. Сонымен қатар акционерлердің саны артып, акцияларды өтімді етеді.

Жекешелендіру дегеніміз не?

Жекешелендіру - бұл экономиканы мемлекет иелігінен алу процесінің бөлігі, ол өндірісті негізінен мемлекеттік-директивалық реттеуден оны нарықтық тетіктер негізінде реттеуге көшуді көздейді.


Жекешелендіру нарықтық экономиканың негіздерін нығайту мақсатында жүргізіледі және осы бағдарламаның негізгі идеясы - еліміздің жеке бизнесінің одан әрі дамуына серпін беру.

Жекешелендіруге шығарылған компаниялардың тізімімен мен қайдан таныса аламын?

Жекешелендіруге шығарылған компаниялардың тізімін осы сайттан («Өзге тәсілдермен жекешелендіру» бөлімінде), сондай-ақ «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы
29 желтоқсандағы № 908 қаулысынан табуға болады (https://adilet.zan.kz/rus/docs/P2000000908)

IPO/SPO-ға жоспарланған компаниялардың тізімін қайдан табуға болады?

IPO/SPO жоспарланған компаниялар тізімін осы сайттан табуға болады («IPO» бөлімінде)

IPO/SPO-ға жоспарланған компанияларды өткізу мерзімі қандай күндерге белгіленді?

Қор активтерін бәсекелес ортаға беру, оның ішінде IPO/SPO жүргізу арқылы беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» қаулысына (бұдан әрі – №908 ҚРҮҚ) сәйкес жүзеге асырылады.


Жалпы, 2022 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Эйр Астана» АҚ IPO-сын өткізу жоспарланған. 2023 жылы «KEGOC» АҚ SPO-сын және Қордың мынадай компанияларының: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ («жасыл» активтер портфелі), «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «QazaqGaz»ҰК» АҚ IPO-сын өткізу жоспарлануда.


Алайда осы компаниялардың IPO/SPO-сының нақты мерзімдері мен параметрлері макроэкономикалық жағдайды, компаниялардың өздерінің операциялық және қаржылық көрсеткіштерін, сондай-ақ капитал нарықтарындағы жағдайларды ескере отырып айқындалатын болады.

IPO/SPO-сы жоспарланған компаниялардың акцияларын қашан сатып алуға болатынын қалай білуге болады?

Қор және эмитент-компаниялар мәмілелерге қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін ел халқын қамти отырып, ауқымды маркетингтік науқан жүргізу шеңберінде Қордың портфельдік компанияларының IPO/SPO-сын өткізу мерзімдері туралы жұртшылықты ресми түрде хабардар етеді.

IPO/SPO-сы жоспарланған компаниялардың акцияларын сатып алу үшін кімге хабарласуға болады?

Қор компанияларының IPO/SPO-сының іске қосылғаны туралы ресми хабарланғаннан кейін, IPO/SPO-сы жоспарланып отырған компаниялардың акцияларын сатып алу үшін олардың AIX брокерлері тізіміндегі компанияларға жүгінуге кеңес береміз: https://aix.kz/ru/aix-membership-ru/trading-members-ru/page/3/ және KASE-ге: https://kase.kz/ru/membership/#brokers

IPO/SPO жоспарланған компаниялар акцияларының құны қандай болады?

Компаниялар акцияларының құны қор биржасындағы баға белгілеулерді ескере отырып қалыптастырылады. Тәжірибе көрсеткендей, компаниялардың акцияларын орналастыру кезінде көптеген инвесторларды тарту мүмкіндігі үшін бағаға дисконт қолданылады.


Бұл ретте заңнамаға сәйкес Қор компанияларының акцияларын бағалы қағаздар нарығында орналастыру туралы, сондай-ақ осындай орналастырудың шарттары (бағасы, саны, құрылымы) туралы қорытынды шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі (Қордың жалғыз акционері ретінде) қабылдайтынын атап өту қажет.


Толығырақ ақпаратты Қор ресми түрде жариялайды.


Қор компанияларының IPO/SPO-cы қандай алаңдарда өткізіледі, жергілікті немесе халықаралық па?

Қор компанияларының IPO/SPO-сын өткізу алаңдары бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Қордан ресми өтініш күтуіңізді сұраймыз.

IPO/SPO артықшылықтары қандай?

Қор компанияларының IPO/SPO-сын жүргізудің негізгі артықшылықтары: Қор мен портфельдік компаниялар активтерінің ұзақ мерзімді нарықтық құнын құру, корпоративтік басқару мен операциялық тиімділік стандарттарын жақсарту, компанияларды дамыту үшін қорландырудың жаңа көздерінің пайда болуы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын толықтыру болып табылады.


Қордың портфельдік компанияларының IPO-сы отандық қор нарығының дамуына, Қазақстан халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыруға оң ықпал ететінін жеке атап өткім келеді.

Бөлшек инвесторлардың барынша көп санын тарту үшін Қор Қазақстанның барлық өңірлерін қалай қамтуды жоспарлап отыр?

Қор бүкіл ел бойынша ауқымды жұмыстарды жоспарлап отыр. Әрбір өңірде және көптеген ірі қалаларда бөлшек инвесторлардың санын арттыру үшін халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Қор осы жұмысты жүргізу үшін әкімдіктердің, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, брокерлік-дилерлік ұйымдардың және басқа да қаржы қатысушыларының қолдауына сүйенеді. Сонымен қатар транзакцияларды заманауи технологияларды қолдана отырып құрылымдау жоспарлануда. Мысалы, Қор қолда бар қосымшалар, оның ішінде екінші деңгейдегі банктер арқылы акцияларды «онлайн» сатып алуға өтінім беру мүмкіндігін қарастыруда. Қор қазір аталған құралды енгізуді пысықтау бойынша жергілікті қаржы ұйымдарымен белсенді өзара іс-қимыл жүргізуде.


Осылайша, Қор портфельдік компаниялардың IPO/SPO-сын өткізу кезінде бөлшек инвесторлар ретінде Қазақстан азаматтарының барынша көп санын тарту/қатысу үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмсайтын болады.

Қор тобының активтерін бәсекелес ортаға беру көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жекешелендіру жоспарын (№908 ҚРҮҚ) Қор қалай орындайды?

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарында бәсекелес ортаға Қор тобының 25 активін беру көзделген, оның ішінде 5 актив сатылды («Шығысмашзауыты» АҚ, «Kazakhstan Solar Siliсon» ЖШС, «Astana Solar» ЖШС, «KazSilicon» МК» ЖШС, «Каустик» АҚ), 11 активті – ағымдағы жылы, ал қалған 9 активті 2023-2025 жылдарысату жоспарлануда.


Бұдан басқа, қазір Қорды реформалау шеңберінде компаниялармен бірлесіп, әрбір компанияның 2022 жылғы ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Жекешелендіру жоспарына енгізу өлшемшарттарына сәйкестігіне талдау жүргізе отырып, ағымдағы Жекешелендіру жоспарына енгізілген активтердің тізімін кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Аталған жұмыстың қорытындысы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімі бойынша Жекешелендіру жоспарына «жаңа IPO-кандидаттар» енгізілуі мүмкін.


Бұл ретте ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне әсер ететін стратегиялық активтердегі мемлекеттің бақылау үлесін сақтау қамтамасыз етіледі (бөгеттік үлгідегі СЭС-тер, ұлттық маңызы бар станциялар, ұлттық электр желісі, магистральдық инфрақұрылым және т.б.).

Қор компанияларының IPO/SPO-сын өткізуге қандай консультанттар тартылды?

Қордың портфельдік компанияларының ІРО/SPO-сын жүргізу үшін қаржы консультанттары мен андеррайтерлерді тарту рәсімі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тиесілі заңды тұлғалардың сатып алуды жүзеге асыру тәртібінің ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.


Сонымен бірге қолда бар шектеулерді ескере отырып, тартылатын консультанттар бойынша ақпарат инвесторлармен маркетингтің жария ресми басталу сәтіне дейін жария етілмеуі тиіс. Мәмілелерді сүйемелдеу үшін түйінді өлшемшарттар қызмет көрсету тәжірибесі мен құны болуы мүмкін.

Жекешелендіруге қойылған компаниялардағы үлесті қалай сатып алуға болады?

Сатып алушының нұсқаулығымен және жекешелендіру бойынша басқа да пайдалы материалдармен осы сайттағы «Өзге тәсілдермен жекешелендіру» бөлімінде танысуға болады.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда кімге хабарласуға болады?

Байланыс үшін барлық қажетті мәліметтерді осы сайттың «Байланыс» бөлімінен табуға болады.

Алаяқтықтан қалай аулақ болуға болады?

Қор тексерілген ақпарат көздеріне, брокерлерге, эмитенттерге және ресми тұлғалардың мәлімдемелеріне сілтеме жасай отырып, тек ресми дереккөздерге ғана сенуді қатаң ұсынады.