«Самұрық-Қазына» мен TotalEnergies компаниясы Балқаш көліне жақын маңда қуаты 1 ГВт ЖЭС салу мәселелерін талқылады
09.06.2022
«Самұрық-Қазына» мен TotalEnergies компаниясы Балқаш көліне жақын маңда қуаты 1 ГВт ЖЭС салу мәселелерін талқылады

Бүгін «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев TotalEnergies Барлау және өндіру компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша аға вице-президенті Жульен Пужемен және француз компаниясының басқа да басшыларымен кездесті.

Тараптар электр энергиясы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Балқаш көліне жақын маңда қуаты 1 ГВт ЖЭС салу туралы сөз болды. Бүгін ҚР Энергетика министрлігінде «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Энергетика министрлігі және Total Eren компаниясы арасында осы жоба бойынша қағидаттар туралы келісімге қол қойылды. Электр энергиясын жинақтау жүйесін пайдалана отырып, ЖЭС салу ел экономикасына шамамен 1,6 млрд. АҚШ долларын тартуға мүмкіндік береді.

Алмасадам Сәтқалиев Total Energies компаниясы Солтүстік Каспий жобасы бойынша бұрыннан келе жатқан әріптес болып табылатынын және Қор өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.