IPO тарихы
«Халықтық IPO» бағдарламасы

Қордың еншілес және тәуелді ұйымдарының акцияларын бағалы қағаздар (бұдан әрі – Бағдарлама немесе «Халықтық IPO» бағдарламасы) нарығына бастапқы орналастыру бағдарламасы (бұдан әрі – IPO) Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2011 жылғы 11 ақпандағы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының XIII съезі барысында берген тапсырмаларын орындау үшін әзірленді.

Бағдарлама Қазақстан Республикасы азаматтарының мүддесі үшін әзірленді және халық үшін отандық жетекші компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге және елдің экономикалық өсуіне жеке қатысу мүмкіндігін алуға бағытталған.

Бұл Бағдарлама сондай-ақ халықтың жинақтарын капитал нарығына тарту, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік және жеке меншік компаниялардың кең ауқымы үшін қор нарығына шығу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанның бағалы қағаздар нарығын және тұтастай ел экономикасын дамытуға ықпал етті.

2012 жылы жария орналастыруға бірінші болып «ҚазТрансОйл» АҚ шықты. «ҚазТрансОйл» АҚ-ның «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысуы шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ қазақстандық жинақтаушы зейнетақы қорларына жазылым жүргізу арқылы бір акция үшін 725 теңге бағамен компанияның 38 463 559 жай акциясын сатып алу ұсынылды.

2012 жылғы 6 қараша мен 5 желтоқсан аралығында өткізілген жазылу барысында жалпы сомасы 59 408 943 975 теңгеге 34 687 өтінім келіп түсті, яғни сұраныс ұсыныстан 2 еседен астам асты.

Акцияларды өтінім берген инвесторлар арасында бөлу нәтижесінде 27 886 080 275 теңге сомасына 34 687 өтінім, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтарынан келіп түскен 34 676 өтінім қанағаттандырылды

Осылайша бөлшек инвесторларға орналастырылатын акциялардың 79,1%-ы тиесілі болды.

Жинақтаушы зейнетақы қорларының өтінімдері өтінімдерде көрсетілген мәлімделген сұраныстың 15,3% мөлшеріндегі көлемге барабар қанағаттандырылды.

Жалпы «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын бастапқы орналастыру халық пен қазақстандық зейнетақы қорлары тарапынан акцияларға инвестициялауға қызығушылықтың жоғары деңгейін көрсетті.

2014 жылдың 18 желтоқсанында «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында қазақстандық қор нарығында «KEGOC» АҚ-ның жай акцияларын бастапқы орналастыру жүргізілді

«KEGOC» АҚ акцияларын сатып алуға берілген өтінімдердің жалпы саны жалпы сомасы 16 млрд 675 млн 918,6 мың теңгеге 41 997 дананы құрады, ал орналастырудың ең жоғары көлемі 13 млрд 130 млн теңге мөлшерінде айқындалды. Осылайша сұраныс ұсыныстан 27%-ға асып түсті.

Бөлшек инвесторлардың өтінімдері жалпы сомасы 9 млрд 473 млн теңгеге толық қанағаттандырылды, сондай-ақ «Halyk Finance» АҚ маркет-мейкерінің өтінімі 202 млн теңгеге толық қанағаттандырылды, «БЖЗҚ» АҚ өтінімі 3 млрд 454 млн теңге сомасына қанағаттандырылды. Осылайша бөлшек инвесторлардың үлесі орналастырудың жалпы көлемінде 72,15%-ды, маркет-мейкер 1,54%-ды және «БЖЗҚ» АҚ 26,31%-ды құрады.

14 000 дана акция шегінде бөлшек инвесторлардан берілген өтінімдер саны 41 965 дананы немесе бөлшек инвесторлардың барлық өтінімдерінің 99,92%-ын құрады, бұл ретте көрсетілген лимит шеңберінде өтінімнің орташа сомасы 428,5 мың теңгені құрады.

Берілген өтінімдер көлемі бойынша неғұрлым белсенді брокерлер «Қазпошта» - 2,665 млрд теңгеге 13 152 өтінім (28,1%), «Freedom Finance» - 2,428 млрд теңгеге 18 787 өтінім (25,6%), «BCC Invest» - 1 215 млрд теңгеге 479 өтінім (12,8%) болды.

Жекешелендірудің екінші толқыны

Содан кейін Қазақстан халқына 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» және 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметіне стратегиялық емес объектілерді жекешелендірудің екінші толқынын өткізу тапсырылды.

Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 наурыздағы № 280 қаулысымен кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуын қысқартуға бағытталған іс-шараларды көздейтін Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспары, сондай-ақ 2014-2016 жылдары жекешелендіруге жататын ұйымдардың тізбесі бекітілді.

Кейінірек бұл жоспар өзектендірілді, толықтырылды және Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына өзгертілді (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1141 қаулысымен бекітілген). Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары толығымен орындалды.

Осы кешенді жоспар аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ IPO өткізу арқылы бәсекелес ортаға берілуі тиіс еді.

Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның акциялар пакетінің бір бөлігін IPO өткізу арқылы бәсекелес ортаға беру туралы шешім қабылданды.

2018 жылғы қарашада «Самұрық-Қазына» АҚ Лондон қор биржасында (LSE) және «Астана» халықаралық қаржы орталығының Astana International Exchange (AIX) биржасында қосарланған листингі бар жаһандық депозитарлық қолхаттардың және акциялардың 14,92%-ы немесе 38 694 708 данасы мөлшерінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның IPO-сын (Initial Public Offering) табысты жүзеге асырды.

Осы жария орналастырудың нәтижесінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ұсынылған акциялар пакетінің шамамен 86%-ы LSE-ге және 14%-ға жуығы AIX-ке орналастырылды. Ұсыныс бағасы жаһандық депозитарлық қолхат (бұдан әрі – ЖДҚ) үшін $11,6 және бір акция үшін 4 322,74 теңгені құрады.

2019 және 2020 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның LSE және AIX-те өтінімдерді жедел жинау (Accelerated Book Building) арқылы SPO (Secondary Public Offering) өткізді:

- 2019 жылғы қыркүйекте ЖДҚ түріндегі 3,8% немесе 9 863 021 акция екінші рет орналастырылды, оның 51%-ы AIX-те және 49%-ы LSE-де орналастырылды, ұсыныс бағасы ЖДҚ үшін $13 құрады

- 2020 жылғы маусымда қосымша 6,28% немесе 16 281 423 акция және ЖДҚ орналастырылды, оның ішінде шамамен 35%-ы – AIX-те және 65%-ы – LSE-де орналастырылды, ұсыныс бағасы бір акция үшін 5 230,81 KZT және ЖДҚ үшін $13 құрады.

Жоғарыда көрсетілген орналастырулардың (IPO, SPO) нәтижесінде «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тиесілі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның акцияларының үлесі 75%-ды құрады, шығарылған акциялардың 25%-ы еркін айналымда.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның IPO-ға дайындығы басталған сәттен бастап Компания корпоративтік басқаруды және ESG саласындағы қызметті дамытуға баса назар аударды. Акционерлердің құқықтарын сақтау және мүдделерін қорғау, Директорлар кеңесі мен атқарушы орган қызметі процестері, сондай-ақ қор биржаларының талаптарына сәйкес ақпараттың ашықтығы мен ашылу процестері айтарлықтай сапалы өсті. Сондай-ақ IPO-ға дайындық аясында, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесі Әдеп кодексі мен Комплаенс бекітті

Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жария компания ретінде корпоративтік басқарудың озық тәжірибесін қолданады, бұл Компанияның нарық талаптарына және халықаралық стандарттарға жауап беруге ұдайы әзірлікте болуына оң әсер етеді. Корпоративтік мәдениеттің дамуы «Самұрық-Қазына» АҚ бастамасы бойынша (2020-2021 жылдар кезеңінде) жүргізілген тәуелсіз консультанттың корпоративтік басқару жүйесінің соңғы диагностикасымен расталады, оның қорытындысы бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға «А» корпоративтік басқару рейтингі берілді

Бұдан әрі ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында 2020 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Үкіметі Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарын қабылдады (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысымен бекітілген) және активтерді жекешелендірудің жаңа мерзімдері айқындалды. Осы Жекешелендірудің кешенді жоспары шеңберінде Қор IPO/SPO шығаруға немесе стратегиялық инвесторларға сатуға жататын 8 ірі компания, сондай-ақ 2021-2025 жылдары әртүрлі тәсілдермен бәсекелес ортаға беруге жататын 17 актив бойынша жұмысты жалғастыруда.